Жетісу облысында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды
Жетісу облысы полиция департаментінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған жол бермеу мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар өңір судьясы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау орталығының өкілдері, денсаулық сақтау және білім беру басқармаларының мамандары, аналар кеңесінің мүшелері, психологтар мен дағдарыс орталығының қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар Zoom платформасы арқылы бейнебайланысқа қосылған қатысушылар да болды.
Кездесу барысында есептік кезеңде атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мен оның алдын алу, жәбірленушілерге уақтылы көмек көрсету, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша келесі жылға арналған профилактикалық жұмысты күшейтуге, зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға жедел ден қоюдың тиімділігін арттыруға және азаматтардың ең осал санаттарының құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды.
— Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау — жекелеген ведомстволардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың бірлескен күш-жігері арқылы ғана әрбір әйел мен әрбір бала өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыра аламыз, — деп атап өтті кеңеске қатысушылар.
Полиция департаментінің басшылығы бұл бағыттағы жұмыстар барлық бейінді құрылымдар мен қоғамдық институттардың міндетті қатысуымен жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
