Қарағанды облысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы интерактивті акция өткізді
Қарағанды облысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қарсы интерактивті акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Шахтинск қаласының полиция бөлімімен бірлесіп, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған танымдық әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырды.
Акция барысында тәртіп сақшылары тұрғындарға интернет-алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрлерін, алаяқтардың айла-тәсілдерін және жеке деректерді қорғаудың тиімді жолдарын түсіндірді.
Әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алдау, онлайн сатып алулар кезіндегі қауіп пен өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын жалған тұлғалардың әрекеттеріне тоқталып өтті.
Іс-шараны көпшілік үшін тартымды ету мақсатында ол интерактивті форматта өтті. Киберқауіпсіздік тақырыбындағы сұрақтарға белсенді қатысқан тұрғындар дұрыс жауаптары үшін сыйлықтарға ие болды.
Аяз атаның рөлін ойнаған полиция қызметкері тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мұндай профилактикалық бастамалар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Полиция азаматтарды әрдайым сақ болуға және жеке, құпия ақпаратты бөгде тұлғаларға бермеуге шақырады.
