Атырауда полицейлер балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Атырауда полицейлер балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл - әрбір жанға қуаныш сыйлап, жаңа үміт пен жарқын бастамаларға жетелейтін ерекше мереке. Осы мерекелік көңіл-күйді балаларға тарту ету мақсатында Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен полиция қызметкерлерінің балаларына арналған жаңа жылдық шырша мерекесі өтті.

Іс-шараға департамент қызметкерлерінің 3 пен 13 жас аралығындағы 50-ден астам баласы қатысты. Мерекелік кештің ашылуында Атырау облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұржан Шаеденов құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Шара барысында арнайы дайындалған концерттік бағдарлама ұсынылып, әртістердің қатысуымен балаларға арналған қызықты қойылымдар көрсетілді. Мультфильм кейіпкерлері мен сахналық көріністер бүлдіршіндердің көңілінен шығып, олардың мерекелік әсерін еселей түсті.

Сондай-ақ Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, балалар түрлі сайыстарға белсенді атсалысты. Шара соңында барлық қатысушыларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді.
Аталған мерекелік іс-шара полиция қызметкерлерінің отбасыларына қолдау көрсетіп, балалардың жаңа жылды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуына мүмкіндік берді.
