Жамбыл облысы ПД бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың аудандарға жұмыс сапары жалғасуда. Жамбыл ауданында Ю.Гагарин атындағы гимназияда ПД бастығының қатысуымен "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылуы өтті.
"Жас сақшы" сыныптарын ашу ішкі істер органдарының өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады. Жоба оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметті арттыруға, тәртіп пен қоғам алдындағы жауапкершілікті нығайтуға бағытталған.

ПД бастығының өңір тұрғындарымен өткен кездесуде аудандық полиция бөлімінің өткен кезеңдегі жұмысының қорытындылары айтылып, әңгіме ашық форматта жалғасты.
Тұрғындар диалогқа белсенді қатысып, сұрақтар қойды, ұсыныстарын білдіріп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Кездесу барысында "Ішімдіксіз ауыл" акциясына қатысушылар марапатталды. Акцияның мақсаты — салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру.

Сондай-ақ, Қайсар Сұлтанбаев азаматтарды жеке қабылдап, аудан тұрғындары өз ұсыныстары мен проблемалық мәселелерін жеткізді. Барлық өтініштер бақылауға алынып, оларды қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін жолданды.
Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен өткен жедел кеңесте "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында басым міндеттер айқындалып, қызметтік тәртіп пен жедел-қызметтің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
