Абай облысындағы салауатты өмір салтын таңдаған берекелі Лесное ауылы жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.
Абай облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Жетіжар ауылдық округінде орналасқан Лесное ауылы соңғы уақытта қоғамға үлгі боларлық маңызды бастаманы жүзеге асырды. Ауыл халқы бір ауыздан алкоголь өнімдерін тұтынудан толықтай бас тарту жөнінде саналы әрі жауапты шешім қабылдап, салауатты өмір салтын басты құндылық ретінде таңдады.
Аталған бастама Жетіжар ауылдық округіне жауапты Бесқарағай ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Мұрат Шакимұратовтың ұсынысымен көтеріліп, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері және белсенді тұрғындардың толық қолдауымен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 170 тұрғыны, 34 ауласы бар шағын ғана Лесное ауылының бұл қадамы қоғамда оң бағасын алып отыр.
– Алкогольден бас тарту – бұл тек ішімдіктен тыйылу емес, бұл – болашақ ұрпақтың амандығы мен ауылдың берекесі үшін жасалған ортақ шешім. Біз бірлігімізді сақтап, тәртіп пен татулықты таңдадық, – дейді ауылдың қадірлі қариялары.
Алкоголь өнімдерін тұтынудан бас тарту ауылдағы қоғамдық жағдайға оң ықпал етті. Тұрғындармен өзара іс-қимыл жүйелендірілді. Балалар мен жастардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлініп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жастар спорттық жарыстарға, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді қатысып, ауылдың қоғамдық өміріне өз үлестерін қосуда. Спорттық алаңдар мен мәдени кездесулер жастарды жаман әдеттерден алшақтатып, олардың бойында жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етіп жатыр.
– Лесное ауылының тұрғындары көрсеткен бұл бірлік пен саналы таңдау – құқық бұзушылықтың алдын алудағы ең тиімді жол. Халық пен полиция арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың арқасында ғана осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Бұл бастама өзге ауылдарға да үлгі болады деп сенемін, – деп атап өтті Мұрат Шакимұратов.
Лесное ауылының алкогольден бас тарту жөніндегі бұл бастамасы – қоғамдағы тұрақтылықты, тәртіпті және рухани құндылықтарды нығайтудың жарқын көрінісі.
– Біз тыныш, берекелі ауылда өмір сүргіміз келеді. Балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін салауатты өмір салтын таңдадық. Полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеу бізге сенімділік береді, – дейді ауыл тұрғындары.
