Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада оқушылармен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша кездесу өтті

Астанада оқушылармен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Профилактикалық жұмыс аясында Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шараға 180-нен астам оқушы қатысты.

Кездесу барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымының құқықтық салдарына, есірткі құқықбұзушылықтары үшін көзделген жауапкершілікке, сондай-ақ жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алу жолдарына ерекше назар аударылды.

Полиция қызметкерлері оқушыларға күмәнді ұсыныстар мен заңсыз әрекеттерге тарту әрекеттеріне байланысты туындауы мүмкін қауіптер туралы айтып, тіпті ойланбай жасалған бір әрекеттің өзі ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар жеке жауапкершіліктің, саналы таңдау жасаудың, заң талаптарын сақтаудың және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы түсіндірілді.

Мұндай кездесулер жасөспірімдерге маңызды құқықтық ақпарат беріп қана қоймай, жастардың өздерін толғандырған сұрақтарына жауап ала алатын ашық диалог алаңын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Профилактикалық жұмыстың басты мақсаты – кәмелетке толмағандардың есірткі қылмыстарына тартылуына жол бермеу, өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау және жастар арасында есірткінің заңсыз айналымына деген тұрақты қарсылық көзқарасын қалыптастыру.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру