Абай облысында оқушылардың қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық дәріс өтті
Абай облысында оқушылардың қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық дәріс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы Жарма ауданына қарасты Шуақ кентінде орналасқан №236 орта мектебінде құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында 8–11 сынып оқушыларына арналған маңызды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Жарма ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары Аслан Жасұланұлы, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Жанна Қонақбаева қатысты. Сонымен қатар кездесуге Жарма ауданы білім бөлімінің әдіскері Гульнара Журсумбаева және Жарма ауданы прокуратурасының прокуроры Шәрбану Есенгужанова арнайы шақырылды.
Жиын барысында оқушыларға қазіргі қоғамда өзекті болып отырған бірқатар маңызды тақырыптар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, олардың психологиялық және құқықтық салдары, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелері, әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану және жеке деректерді қорғау мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау жөнінде мағлұмат берілді. "Адал Қазақстан" бағыты бойынша адалдық, әділдік, парасаттылық пен өзара құрмет құндылықтарын насихаттау қажеттігі айтылды.
Кездесу барысында жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ нашақорлықтың зияны мен оның салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, суық қаруды алып жүрудің қауіптілігі мен заң талаптары жөнінде нақты ақпарат беріліп, жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі ерекше атап өтілді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды. Полиция қызметкерлері мен сала өкілдері жасөспірімдерге өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге, қауіп-қатердің алдын алуға және заңға бағынатын саналы азамат болып қалыптасуға бағытталған кеңестерін ұсынды.
