БҚО-да пробация қызметі мен жастар ресурстық орталығы арасында меморандумға қол қойылды
Бәйтерек аудандық пробация қызметі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында Бәйтерек аудандық пробация қызметі мен Бәйтерек ауданның жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталған құжат жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағытындағы бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруды көздейді.
Пробация қызметі сот үкімімен жаза өтеуші азаматтарды бақылау және оларға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы олардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағытта жастарды бас бостандығынан айырусыз қоғамға бейімдеу маңызды рөл атқарады.
Меморандум аясында жастарға құқықтық білім беру, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіби бағдарлау, психологиялық қолдау көрсету және қоғамдық жұмыстарға тарту жоспарланған.
Тараптардың ынтымақтастығы жастар арасында заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
