Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жуалыдағы жұмыс сапары: Жамбыл облысы ПД бастығы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етті

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іссапар барысында ПД бастығы тарихи-рухани нысандарға барып, тағзым жасап, тұрғындармен және жеке құраммен ашық форматта кездесті.

ПД бастығы ең алдымен қазақтың даңқты ұлы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Ол батырдың ерлігі мен өнегелі өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті.

Одан кейін Аудандық мәдениет үйінде жергілікті театр әртістерінің "Халық батыры" қойылымын тамашалады.

Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте "Жас Сақшы" сыныбының салтанатты түрде ашылуына қатысып, оқушылар ант қабылдап, сақшы куәліктері табысталды. Бұл бастама жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбие қалыптастыруға бағытталған.

Іссапар аясында ПД бастығы аудан тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқыға салды. Тұрғындар еркін түрде өз ұсыныстарын жеткізіп, ашық пікір алмасу орын алды.

Кездесу кезінде Жуалы өңірінің ардагері, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, 52 жыл педагог болған ұстаз Дәулетжан Байдалиев ПД бастығына өзінің авторлық "Жуалы генералдары" кітабын сыйға тартты. Еңбекте ауданнан шыққан 14 генералдың өмір жолы баяндалған.

Жұмыс сапары қорытындысында Қ.Сұлтанбаев жеке құрамның жедел-қызметтік жұмысы бойынша есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді.

Полиция қызметкерлерін халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге, "Заң мен тәртіп" қағидаты талаптарын сақтауға, қызметке адал болуға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру