Балалар жүрегіндегі батыр бейне: Павлодар облысында балалар арасында сурет байқауы ұйымдастырылды
Павлодар облысы полиция департаментінде алғаш рет балаларға арналған сурет байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқау "Менің әкем, менің анам – менің мақтанышым" тақырыбында ұйымдастырылып, құқық қорғау органдары қызметін балалар көзімен бейнелеуге арналды. Байқауға 3-тен 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. Жеңімпаздар облыс намысын республикалық байқауда қорғайды.
Балалар өз жұмыстарында акварель, гуашь, қарындаштар сияқты түрлі көркемдік техникаларды қолданып, ата-аналарының кәсібін өз түсініктері мен қиялдары арқылы жеткізді. Барлығы шамамен 30 түрлі-түсті сурет ұсынылды.
Жас суретшілердің еңбегін департамент басшылығы мен тәуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Жеңімпаздар сурет мазмұны, шеберлік пен ерекшелікке мән беріп, техникалық орындау критерийлері бойынша анықталды.
3-тен 10 жасқа дейінгі балалар арасында:
І орын – 9 жасар Кәусар Мейрам;
ІІ орын – 8 жасар Аян Темірболат;
ІІІ орын – 3 жасар Даниил Голубев.
10-нан 14 жасқа дейінгі балалар арасында І орын – 14 жастағы Камелия Сапароваға бұйырса, ІІ және ІІІ орындар – 11 жастағы Арсен Әдиев пен Нұрлан Ермековке бұйырды.
Қазылар алқасының мүшесі, Павлодар облысы ПД ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялова байқау қорытындысы туралы пікір білдірді.
– Таңдау өте қиын болды, өйткені әрбір жұмыс – баланың ішкі әлемі мен өмірін бейнелейтін ерекше туынды. Байқауға қатысқан әр баланың ата-анасы – оның қорғаушысы әрі қаһарманы. Балалар суреттер арқылы ата-анасына деген махаббатын, кәсібіне деген құрметін және отбасылық мақтанышын шын жүректен жеткізді. Барлық жұмысты бір ортақ ой біріктірді: полиция – жай кәсіп емес, ол – антқа адал болу, ал формадағы адам – азаматтар үшін қорған әрі тірек.
Байқау соңында полиция қызметкерлері барлық қатысушыға белсенділігі үшін алғыс айтып, балаларға дені сау, ақылды әрі елінің лайықты азаматы болып өсуін тіледі.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды нығайтуға, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыруға және жақындарына деген мақтаныш сезімін арттыруға ықпал етеді.
Айта кетейік, байқау "Адал полицей" акциясы аясында өтті. Аталған акция қызмет барысында адалдық, жауапкершілік және ашықтық қағидаттарын насихаттауға бағытталған.
