Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес күшейтілді

Қарағандыда экологиялық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысында 2024 жылғы сәуір айынан бастап өңірді абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытында "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама полиция, мемлекеттік органдар және белсенді азаматтардың күш-жігерін біріктіріп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

—  2025 жылдың қорытындысы бойынша 36 мыңнан астам экологиялық құқық бұзушылық анықталды. Бұл экологиялық қауіпсіздік пен табиғатты қорғау мәселелеріне көрсетіліп отырған жоғары жауапкершіліктің айқын дәлелі. Әр түрлі меншік нысанындағы ұйымдардың 1500-ден астам басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы шамамен 19 миллион теңге айыппұл салынды, — деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Халықпен тығыз әрі тиімді өзара іс-қимыл нәтижесінде 578 заңсыз қоқыс орны жойылды. Құқық бұзушылықтарды анықтауда әлеуметтік желілердегі азаматтық белсенділік те маңызды рөл атқарып, проблемалы аумақтар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беруде.

Қоршаған ортаға нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерге қарсы күресте дрондарды пайдалану тиімді құрал ретінде енгізілді. Ұшқышсыз ұшу аппараттары белгіленбеген жерлерге қоқыс төгу фактілерін дер кезінде тіркеуге жағдай жасап, кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуға негіз болуда.

— 2025 жылы барлығы 1477 автокөлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды, олардың қатарында 10 автобус жүргізушісі, 1360 жеңіл және 92 жүк көлігінің жүргізушісі бар. Қоршаған ортаны ластағаны үшін 63 жүк көлігі кемшіліктер жойылып, айыппұл толық өтелгенге дейін айыптұраққа қойылды. Азаматтардан келіп түскен 706 хабарлама бойынша тиісті шаралар қабылданды. Ал жаңа жылдың алғашқы 19 күнінде полиция қызметкерлері 1132 құқық бұзушылықты, оның ішінде жүргізушілер тарапынан жасалған 43 құқық бұзушылықты анықтады. Қар тазалау жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуінің алдын алу мақсатында 4 профилактикалық түсіндіру әңгімесі өткізілді, — деп қорытындылады Ж.Қайыров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру