Жетісу облысында полиция колледж студенттеріне экскурсия ұйымдастырды
Жетісу облысында полиция колледж студенттеріне экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Талдықорған қаласындағы 12 колледждің студенттерімен кездесу ұйымдастырып, өткізді. Іс-шараға 12 студенттік жасақ қатысып, олардың құрамына 72 белсенді әрі бейжай қарамайтын жас бірікті.
Кездесу аясында қатысушылар үшін полиция департаменті бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Студенттер ішкі істер органдарының күнделікті қызметімен танысып, департамент мұражайын және қоғамдық тәртіптің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылау жүзеге асырылатын жедел басқару орталығын аралады.
Полиция қызметкерлері өз жұмыстарының негізгі бағыттары, құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық қатысудың маңызы туралы жан-жақты баяндады.
Іс-шараның жалғасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел форматында өтті. Диалог ашық әрі сындарлы жағдайда өрбіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісіп, профилактикалық жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. Алдағы уақытта студенттік жасақтар полиция органдарымен бірлесіп жұмыс істеп, профилактикалық акцияларға, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына және заңға бағынатын, жауапты қоғам қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға қатысатын болады.
