Атырауда жедел басқару орталығы қоғамдық қауіпсіздікті тәулік бойы бақылауда ұстап отыр
Атырауда жедел басқару орталығы қоғамдық қауіпсіздікті тәулік бойы бақылауда ұстап отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығы қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қызмет атқарады. Орталық адамдар көп жиналатын орындарды бейнебақылау арқылы қадағалап, жаяу және автопатрульдердің іс-әрекеттерін жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Атырау облысы аумағында орнатылған 14 мыңнан астам бейнебақылау камерасы тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздікті бақылауда ұстап отыр. Жыл басынан бері осы жүйенің көмегімен 1500-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Жедел басқару орталығы қызметкерлері "Индора", "TargetEYE", "Қорғау-Сергек" ақпараттық бағдарламаларын пайдалана отырып, құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, патрульдік полиция қызметкерлеріне нақты бағыттамалар береді. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етуде.
Мәселен Привокзальный ықшам ауданындағы тұрғын үй ауласында автокөліктердің дрифт жасағаны анықталып, оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері бағытталды. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жүргізушіге тиісті шаралар қабылданды. Бұл оқиға дрифт сияқты қауіпті әрекеттердің тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін көрсетті.
Сондықтан жедел басқару орталығының тұрақты бақылауы және құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
