Жауапкершіліктің жүгін көтерген жас тергеуші
Жауапкершіліктің жүгін көтерген жас тергеуші Дильназ Тоқбатыр жайлы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыз.
Қазіргі заманда әйелдер табысты еңбек етпейтін сала кемде-кем. Ерекше төзімділікті талап ететін полиция қызметі де бұл қатардан тыс емес.
2024 жылғы мамыр айында ҚР ІІМ Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдаған Дильназ Тоқбатыр Павлодар қаласы полиция басқармасының солтүстік полиция бөліміне тергеуші болып тағайындалды.
Кейіпкеріміздің болашақта полиция қызметкері болатыны туралы әңгіме бала кезінен басталған. Ол жылдары бұл саналы шешім болмағанымен, мектеп бітірген соң мамандық таңдау уақыты келгенде, ата-анасына өз таңдауын еш ойланбастан жеткізген. Ол үшін полиция қызметкерінің жұмысы ең алдымен адамдарды қорғауға және оларға көмек көрсетуге бағытталғандығымен тартымды болды.
– Тергеуші үшін ең басты қасиет – жауапкершілік. Онсыз бұл салада ұзақ уақыт қызмет ету мүмкін емес. Жауапкершілік тек жазадан қорыққандықтан емес, ішкі сенімнен туындауы тиіс. Біздің жұмысымыз адамдардың тағдырына тікелей әсер етеді. Алғашқы ісімді жақсы есімде сақтаймын, жас маман үшін өте күрделі болды. Лауазымға тағайындалғаныма бес ай өткенде, кәмелетке толмағанға қатысты ауыр қылмыстық істі маған сеніп тапсырды. Әрине, жас тергеуші ретінде оңай болған жоқ, бірақ тәжірибелі тәлімгерлердің көмегінің арқасында қылмыстық істі сәтті аяқтап, сотқа жолдадым. Нәтижесінде кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Менің жұмысым күрделі, бірақ өте қызық. Сондықтан қатарымызға талдай білетін, деректерді салыстыра алатын дарынды мамандарды тартуды әрдайым қолдаймын. Өйткені қоғамды қылмыстан бізден басқа кім қорғайды? – дейді Дильназ Тоқбатыр.
Әріптестері оның ұсақ-түйекке дейін мән беретінін және жұмыс процесін дұрыс ұйымдастыра білетінін атап өтеді. Соның арқасында ол үлкен көлемдегі жұмысты дер кезінде орындап қана қоймай, оны жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырып келеді.
Бүгінде тергеуші өз үлгісімен іске адалдық, кәсіби даярлық пен әділдікке жетудегі табандылық – заманауи полицейдің басты қасиеттері екенін дәлелдеп жүр. Ол жауапкершілік, еңбекқорлық және әділдікке ұмтылыс секілді қасиеттерді бойына сіңіре алатын көптеген жас қызметкерлерге үлгі болуда.
Күнделікті қызмет барысында әрбір тергеуші белгіленген кестені қатаң сақтап, жазбалар жасап, ешбір маңызды жайт назардан тыс қалмауы үшін жоспарды қажетіне қарай түзетіп отырады.
Тәртіп пен ұсақ-түйекке мән беру қылмыстық істерді сәтті тергеуге ғана емес, әріптестермен қарым-қатынас жасауға да уақыт табуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде кез келген сын-қатерге дайын, ұйымшыл ұжым қалыптастыруға ықпал етеді.
