Қарағандыда полиция 400 оқушыға нашақорлыққа қарсы дәріс өткізді
Қарағандыда полиция 400 оқушыға нашақорлыққа қарсы дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қаласындағы №2 Оқушылар сарайында "Заң және тәртіп" идеологиясы аясында полиция қызметкерлері мен облыстық прокуратура қызметкерлерінің жастармен кездесуі өтті. Іс-шара "Өмір үшін бірге, нашақорлыққа қарсы бірлесу" атты өзекті тақырыпқа арналды. Кездесуге қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері және университеттердің бірінші курс студенттері – барлығы шамамен 400 адам қатысты.

Кездесуді қаланың полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин ашып, жастар арасында нашақорлықтың алдын алудың қоғам болашағын айқындайтын маңызды мәселе екенін атап өтті. Ол нашақорлық – адам тағдырын талқандап, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін күрделі проблема екенін жеткізді. Полицияның міндеті тек қылмыстарды әшкерелеу ғана емес, сонымен қатар олардың алдын алу болғандықтан, мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.
Іс-шара барысында Қарағанды облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі И.Кисилева "Жеңіл ақша – ауыр салдар" тақырыбында баяндама жасады. Ал Қарағанды қаласының полиция басқармасы жанындағы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл және серіктестік жөніндегі кеңестің төрайымы И.Назырова жастарды есірткі қылмысына тарту барысында қолданылатын манипуляциялар туралы айтып өтті.

Кездесуге қатысушыларға есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған бейнероликтер көрсетілді.
Іс-шара соңында Ш.Салин кездесудің мақсатына жеткеніне сенім білдіріп, есірткі қылмысына қарсы күрес – полиция мен қоғамның ортақ ісі екенін атап өтті. Ол жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, білімге ұмтылуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға шақырды. Бұл – есірткіден қорғанудың ең сенімді жолы екенін атап өтті.
