Алматыда полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын QR-код арқылы көрсетті
Алматыда полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың салдарын QR-код арқылы көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактиканың жаңа форматтары енгізілуде.
Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға арналған арнайы ақпараттық жадынамалар әзірледі. Онда өткізілетін іс-шаралардың мақсат-міндеттері көрсетіліп, жол-көлік оқиғаларының нақты салдарын бейнелейтін фото және бейнематериалдарға алып баратын QR-код орналастырылған.
QR-кодты сканерлеу арқылы пайдаланушылар ауыр жол апаттарының көрнекі мысалдарын яғни зақымданған көліктерді, жол қозғалысы ережелерін бұзудың нақты салдарын көре алады. Мұндай форматтағы профилактика ең алдымен эмоциялық қабылдауға бағытталған және жылдамдықты асыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, қарсы қозғалыс жолағына шығу сияқты өрескел құқық бұзушылықтардың қандай қайғылы жағдайларға әкелетінін айқын көрсетуді көздейді.
Полиция өкілдерінің айтуынша, визуалды әсер жол қозғалысына қатысушыларға қарапайым, бірақ маңызды шындықты жеткізеді. Жол салғырттықты кешірмейді.
— Біз әдейі шоктық профилактика деп аталатын форматты қолданамыз. Адам құрғақ статистиканы емес, нақты апаттардың салдарын — қираған көліктерді, жарақаттарды, адам тағдырларын көргенде, бұл ойландырмай қоймайды. Біздің мақсат — қорқыту емес, адам өмірін сақтау. Әрбір жол қозғалысына қатысушы кез келген ереже бұзу соңғы қателікке айналуы мүмкін екенін түсінуі тиіс, — деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Полицияда атап өткендей, "Қауіпсіз жол" аясындағы профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Бұл ретте заманауи цифрлық құралдар мен көрнекі форматтар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құрамдас бөлікке айналмақ.
