Астанада полицейлер бүлдіршіндерге танымдық экскурсия ұйымдастырды
Астанада полицейлер бүлдіршіндерге танымдық экскурсия ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полиция департаментінің қызметкерлері ерте жастан кәсіби бағдар беру және балалардың әлеуметтік таным көкжиегін кеңейту мақсатында "Mega Kids" балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған танымдық экскурсия ұйымдастырды.
Іс-шара бүлдіршіндер үшін нағыз білім беру тәжірибесіне айналды. Олар полиция қызметкері мамандығымен танысып, тәртіп сақшыларының қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қалай қамтамасыз ететінін көрді. Сонымен қатар кинологиялық қызметтің иттерін көріп, оларды сипап көруге мүмкіндік алды. Ал полицияның күнделікті қызметінде қолданылатын арнайы техниканың көрсетілімі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шара достық әрі еркін форматта өтті. Бұл балаларға күнделікті өмірде қажет болатын пайдалы мәліметтерді жеңіл әрі түсінікті түрде қабылдауға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін азаматтарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.
Мұндай көшпелі кездесулер бүлдіршіндердің әлеуметтік жүйе мен ондағы мамандықтар туралы тұтас түсінік қалыптастыруына септігін тигізеді.
