Атырауда "Қауіпсіз аула" жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде
Атырауда "Қауіпсіз аула" жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік – учаскелік полицияның негізгі міндеті. Атырау сақшылары төрт күнде "Қауіпсіз аула" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында белсенді жұмыс атқарды. Олар тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық орындарды аралап, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұндай шара тұрғындардың өз ортасында қауіпсіздік сезімін нығайтуға бағытталған.

Полиция қызметкерлері масаң күйде жүру және тыныштықты бұзу сияқты құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударды. Олар әр жағдайға жеке көңіл бөліп, азаматтарға мұндай әрекеттердің отбасы мен көршілерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндіретіні туралы түсінік берді.
Жедел профилактикалық іс-шара барысында Атырау облысында 150-ге жуық құқық бұзушылық тіркелді. Оның басым бөлігі қоғамдық орындарда масаң күйде жүру фактілеріне қатысты.
Анықталған деректер бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып, құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Айта кетейік, республикалық іс-шара 3 ақпанға дейін жалғасады. Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздік – тек полицияның емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
