Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында "ішімдіксіз ауыл" бастамасы кеңейтілуде

Абай облысында "ішімдіксіз ауыл" бастамасы кеңейтілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған "ішімдіксіз ауыл" бастаманын кеңейтуді жалғастырып жатыр.

Бұл қозғалысқа Абай ауданының Медеу ауылдық округі қосылды. Қоғамдық жиында ауыл тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан толықтай бас тарту туралы шешімді бірауыздан қабылдап, тыныштықты, отбасылық берекені және қауіпсіздікті таңдады.

Талқылау мен шешім қабылдауға ауыл әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ержан Жұбайханұлы Қаратаев қатысты. Бастаманың бір реттік шара емес екені, оның отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, құқық бұзушылықтарды азайтуға және жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған ұзақ мерзімді профилактикалық шара екені атап өтілді.

Бүгінде округте 428 адам тұрады, 77 аула және 51 шаруа қожалығы бар. Бұл сандардың артында тәртіп пен қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын түсінген ұйымшыл қауым тұр.

Медеу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Темірбекұлы қабылданған шешімді қолдайтынын білдірді.

– Жиында маңызды шешім қабылданды, мен оны толық қолдаймын. Ауылда ішімдік ішетіндер болмауы керек — бұл денсаулық, тәрбие және балаларымыздың болашағы мәселесі, – деп атап өтті Қуанышбек Темірбекұлы.

Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы бастаманың аудан үшін маңызды екеніне тоқталды.

— Бұл — Абай ауданында осындай таңдауды қолдаған екінші ауыл. Шешім халық тарапынан саналы түрде қабылданды. Бұл — дамуға және өркендеуге жол ашатын үлгі, – деді ол.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Ержан Қаратаев бастаманың практикалық маңызын да атап өтті.

– Тұрғындар тәртіп төңірегінде біріктірілгенде, профилактика кез келген тыйымнан да күштірек болады. Алкогольден бас тарту — тұрмыстық жанжалдарды азайтуға, тыныш аулалар мен балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам. Полиция бұл бастаманы жүйелі профилактикалық жұмыстармен және халықпен тұрақты диалог арқылы қолдауды жалғастырады, – деп атап өтті.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров бұл жұмыстың тұрақты негізде жалғасатынын мәлімдеді.

– Бастама “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында жүзеге асырылуда және полицияның тұрақты профилактикалық жұмысы, халықпен диалог және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен сүйемелденетін болады. Қазіргі таңда Медеу округі — салауатты таңдаудың, тыныш аулалардың және ертеңгі күнге деген сенімділіктің аумағы, – деді ПД бастығы.

Мұндай жұба өңірдегі басқа да ауылдық елді мекендер үшін үлгі болып, тұрақты тәртіптің қоғам бірлігінен басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру