Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Мен генерал боламын": бір күн көлік полицейі рөлінде болған 8 жасар Алинұр

Астана қаласының әуежайында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 8 жасар Алинұр Асылбековтің көптен бергі арманын орындады. Кішкентайынан бері ол: "Мен полицей боламын. Мен генерал боламын" деген сөзді нық сеніммен айтып келеді. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Алинұрдың туған күні қарсаңында баласына ұмытылмас күн сыйлау мақсатында оның анасы Зарина Гусман полиция қызметкерлеріне арнайы өтініш білдірген. Бұл бастама қолдау тауып, Алинұр елорда әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметімен танысып, бір күнге көлік полицейі болу мүмкіндігіне ие болды.

Жеткіншектің бұл арманы әкесі — ішкі істер органдарында жедел уәкіл қызметін атқарған Аслан Көкжановтың өмір жолымен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, ол баласы сәби кезінде өмірден өткен. Алинұр әкесін көзбен көрмесе де, оның адал қызметі мен абыройлы жолы бала санасында өшпес өнеге ретінде сақталған.

Отбасы үйінде полиция формасы мен қызметтік атрибуттар ерекше құрметпен сақталады. Бұл заттар Алинұр үшін ар-намыс, тәртіп пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің символы саналады.

Әуежайда өткен бір күн ішінде Алинұр полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылап, нысандарды патрульдеу ісіне қатысып, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен және кинологиялық қызметтің жұмысымен танысты. Сонымен қатар ол мектепте де тәртіпті сақтауға белсенді араласып, мұғалімдерге көмектесетінін айтты.

Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің бастығы Саян Омаров Алинұрдың бойынан болашақ ішкі істер органдары қызметкеріне тән қасиеттер — тәртіптілік, жауапкершілік, әділдік пен көмекке дайын болу секілді ерекшеліктер қазірдің өзінде байқалатынын атап өтті.

Кездесу соңында Алинұр Асылбековке көліктегі полиция департаменті басшылығы атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды. Бұл күн бала үшін тек мерекелік сәт емес, оның арманының шынайы әрі қолжетімді екенін дәлелдеген маңызды оқиғаға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру