Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы полиция департаментінде ерлік сабағы өтті

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні қарсаңында Қарағанды облысы полиция департаментінде "Ауғанстан отынан жеткен тағзым" атты ерлік сабағы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тағылымды шара ішкі істер органдарының ардагерлері – интернационалист жауынгерлер мен қызмет жолын енді бастаған жас қызметкерлердің басын қосып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Жиынға қатысушылар алдында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Даурен Ибраев сөз сөйлеп, ардагерлердің ерлігін ұлықтау және жас буынға ар-намыс, борыш, Отанға адал қызмет ету секілді асыл құндылықтарды сіңірудің маңыздылығын атап өтті.

– Сіздерге адал қызметтеріңіз бен көрсеткен ерліктеріңіз, кейінгі буынға қалдырған өнегелі жолдарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мықты денсаулық, амандық, бейбіт өмір және ұзақ ғұмыр тілеймін, – деді ол.

Құрмет пен ризашылықтың белгісі ретінде департамент басшылығы атынан ардагерлерге алғыс хаттар табысталды.

Кездесуді еңбек және жауынгерлік даңқ музейінің жетекшісі Айжамал Айтжанова жалғастырып, Ауған соғысының ел тарихында терең із қалдырғанын айтты.

– Бұл соғыстан Қазақстан бойынша 22 мыңнан астам жас азамат өтті, олардың екі мыңға жуығы – Қарағанды облысының тумалары. Полиция департаментінің ардагерлер ұйымында бүгінде сол соғыстың 52 ардагері тіркелген. Өкінішке қарай, уақыт өз дегенін алады: қазір олардың саны 38-ге дейін азайды. Ардагерлер арасында бұрын Қарағанды облысының ішкі істер департаментін 12 жыл басқарған генерал Владимир Шумиленконың есімі айрықша құрметке ие. Оның батылдығы мен борышқа адалдығы көпшілікке үлгі болып келеді, – деді ол.

Шараға ардагерлермен бірге қиын-қыстау кезеңдерде сенімді тірек болған олардың жары да қатысты. Людмила Шумиленко, Людмила Прокопович, Татьяна Даирова, Назым Алпысбаева, Сажида Тюсютова сынды жандардың есімдері табандылық пен жанашырлықтың символына айналды. Сондай-ақ ардагерлер Марат Сүлейменов пен Ертай Әбенов өз естеліктерімен бөлісіп, жас қызметкерлерге тағылымды ой-толғамдарын жеткізді.

Кездесу барысында ардагерлер мен қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері Ауғанстандағы ауыр күндерді еске алып, жас мамандарға жауапты қызметтерінде табыс пен абырой тіледі.

Салтанатты шара "Сарыарқа" ансамблінің әсерлі өнер көрсетуімен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру