Қарағандыда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды
Қарағандыда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды түрлі қауіп-қатерден қорғау – мемлекет пен қоғам алдындағы ең маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидаты елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтып, әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізі болып табылады.

Әсіресе өмірлік тәжірибесі аз, көңілі сенгіш жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
11 қыркүйекте Қарағанды қаласының полиция басқармасы қаладағы мектептер, колледждер және басқа да білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Жиында білім беру ортасындағы буллинг пен психологиялық қысым, әлеуметтік желілердегі интернет-алаяқтық пен кибербуллинг, сондай-ақ жастарды есірткі қылмысына тарту қаупі сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Мұндай күрделі түйткілдерге көз жұма қарау – өскелең ұрпақтың болашағына немқұрайлы қараумен тең. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысы аса маңызды.
— Баланы қылмыстан, зиянды әдеттерден және заманауи қауіп-қатерлерден қорғау – тек полиция немесе білім беру саласы қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл – бүкіл азаматтық қоғамның ортақ парызы. Бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігі – бүкіл ел болып жұмыла көтеретін жауапкершілік, — деп атап өтті Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.
Жиынға қала әкімінің орынбасары, білім бөлімі, прокуратура және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл – өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің ортақ жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Басқосу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді әрі кешенді жолдары қарастырылып, қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және жастарды түрлі теріс ықпалдардан қорғау бағытындағы бірлескен жұмысты күшейту мәселелері сөз болды.
Бала – біздің үмітіміз, мейіріміміз бен болашағымыз. Ұрпағымызды білімді, саналы, заңды құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Әрбір азамат осы жауапкершілікті сезініп, бала қауіпсіздігіне бейжай қарамаған кезде ғана өскелең ұрпаққа қауіпсіз әрі жарқын болашақ қалыптастыра аламыз.
