Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада полицейлер оқушыларға мотивациялық кездесу өткізді

Астана қаласында полицейлер №101 жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен кездесіп, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және жасөспірімдердің бойында дұрыс өмірлік құндылықтарды қалыптастыру мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесудің құрметті қонағы – Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты, домбырашы әрі Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі Әлібек Қайырбек болды.

Ол оқушыларға шығармашылық жолы туралы баяндап, жетістіктерімен бөлісті және ұлттық өнердің мәдени мұраны сақтаудағы маңызына тоқталды. Әсіресе Еуропа мен Африка тауларында, сондай-ақ Гималай мен Памирде қазақтың күйлерін орындағаны туралы әңгімелері оқушылардың қызығушылығын тудырды.

Кездесу барысында отансүйгіштік, мақсатқа ұмтылу және өмірлік жолды саналы түрде таңдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қонақ өз тәжірибесі арқылы табандылықтың, сүйікті ісіне адалдықтың және жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылыстың маңызын көрсетті. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде танытуға әр адамның қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Мұндай кездесулер жасөспірімдерге үлгі көрсетіп, олардың қабілеттерін ашуға және пайдалы істерге ұмтылуына ықпал етеді. Жастардың күш-қуатын білімге, шығармашылыққа және спортқа бағыттап, денсаулығын бағалауы, есірткі қолданудың және есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға қатысудың зардаптарын түсінуі маңызды.

Астана қаласының полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жұмыстарды мәдениет және спорт өкілдері мен қоғам қайраткерлерін тарта отырып, жүйелі түрде жалғастыруда.

Ортақ мақсат – денсаулықты, білімді, шығармашылықты және туған елге деген құрметті басты құндылық санайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру