Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде ПД бастығының орынбасары оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Абай облысында полиция департаменті бастығының орынбасары оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов Семей қаласындағы №4 мектептің 7-сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, қауіпсіздік тақырыбында профилактикалық сабақ ұйымдастырды.

Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынаста сақ болу және құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндіріліп, бейнероликтер көрсетілді.

Жасұлан Байкенов оқушыларға әрбір әрекеттің салдары болатынын еске салып, өзара сыйластық пен жауапкершіліктің маңызына тоқталды.

– Балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Буллингке, қорқытуға, күш көрсетуге және кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарауға болмайды. Егер осындай жағдайларға тап болсаңыздар немесе куәгері болсаңыздар, үнсіз қалмай, мұғалімдерге, ата-аналарыңызға немесе полиция қызметкерлеріне хабарлаңыздар. Өз қауіпсіздіктеріңізге жауапкершілікпен қарап, бір-біріңізге құрметпен қарау – қауіпсіз ортаның негізі, – деп атап өтті ПД өкілі.

Сонымен қатар сабақ барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне де назар аударылды. Оқушыларға жол белгілерінің талаптарын сақтау, көшеде және жолдан өту кезінде сақтық таныту қажеттігі түсіндірілді. Кездесу аясында жол белгілерінің жай-күйі де тексерілді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, буллингке қарсы мәдениетті қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қауіпсіз орта – саналы ұрпақтың кепілі. Ал әр баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау – ортақ міндет.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру