Павлодар облысында полицейлер қызметтік жауапкершілік мәселелерін талқылады
Республика күні қарсаңында Ақсу қаласы полиция бөлімінің акт залында "Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің негізі" тақырыбында сабақ өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – қызметтік тәртіпті нығайту, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қызметтік міндеттерін орындаудағы жауапкершілігін күшейту.
Сабақ барысында заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қызметтік әдеп және азаматтарға құрметпен қарау мәселелері талқыланды. Қызметкерлерге заң талаптарын қатаң сақтау, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалануға жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне қарсы тұру қажеттігі ескертілді.
Сондай-ақ лауазымдық міндеттерді адал орындау мен халықпен сыпайы қарым-қатынас жасаудың маңыздылығы атап өтілді. Азаматтардың полицияға деген сенімі әр қызметкердің әділдігіне, ашықтығына және заң аясында әрекет етуіне байланысты екені айтылды.
Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Максим Кустанов ішкі істер органдарының әрбір қызметкері заңдылықтың, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, полицейдің кәсібилігі қызметтік міндеттерді сапалы орындаумен қатар, азаматтарға құрметпен қарауынан, олардың өтініштерін объективті қарастыруынан және заң талаптарын мүлтіксіз сақтауынан көрінеді.
Мұндай сабақтар қызметтік жауапкершілікті арттыруға, ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға ықпал етеді.
Заңдылық, тәртіп пен азаматтарға құрмет – қоғамның полицияға деген сенімінің негізі.
