Елордада полицейлер оқушыларды спортпен шұғылдануға шақырды
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында полиция қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында оқушылармен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның құрметті қонағы – Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, спорттық гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше дүркін әлем чемпионы, елордалық гимнастика федерациясының вице-президенті Ербол Жантықов.
Кездесу барысында оқушылар спорттың адам өміріндегі маңызы, тәртіп пен ерік-жігердің, табандылықтың рөлі туралы мағлұмат алды. Белгілі спортшының жетістіктері негізінде биік белестерге жету үшін үздіксіз еңбек, төзімділік және өзін-өзі жетілдіруге ұмтылу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, өмірлік құндылықтарды дұрыс таңдау және бос уақытты тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Оқушыларға спорттың денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді шыңдауға, қабілетті дамытуға және күш-қуатты пайдалы іске жұмсауға ықпал ететіні түсіндірілді.
Елорда полициясы профилактикалық жұмыстарға танымал спортшылар мен қоғам өкілдерін тартуды жалғастыруда. Мұндай кездесулер жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға, алдына нақты мақсат қойып, оған табандылықпен жетуге ынталандырады.
