"Оңай ақша" қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін: СҚО-да полицейлер студенттерге ескертті
СҚО-да полицейлер студенттерге ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу орындарында құқық бұзушылықтың алдын алу – полицияның маңызды бағыттарының бірі. Петропавл қаласындағы колледждерде жыл басынан бері 7 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 2 дерек бопсалауға, тағы 2 дерек дропперлікке қатысты.
Аталған фактілер бойынша студенттер алаяқтардың жәбірленушілерден заңсыз жолмен алған қаражатын аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген.
Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізіп келеді. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларды құқық бұзушылыққа тартылудан сақтандыру.

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин Петропавл теміржол көлігі колледжінде студенттермен кездесті. Кездесуге бірінші және екінші курс студенттерінің 300-ден астамы қатысты.
Полиция жастарға заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіріп, әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік түрлерін атап өтті.
Кездесу барысында жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Кейбір жастар 2024 жылдан бастап ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілік күшейтілгенін әлі де біле бермейді. Яғни күш қолданудың жекелеген түрлері қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Полицейлер студенттерге бейтаныс адамдардың өтінішімен банк карталарын, шоттарын немесе өзге де қаржылық құралдарын пайдалануға берудің қауіпті екенін ескертті. "Оңай ақша" табу мақсатында жасалған мұндай әрекеттердің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Студенттермен профилактикалық кездесулер Солтүстік Қазақстан облысында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған.
