Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда 26 мың тұрғынға қызмет көрсететін полиция пункті жаңартылды

Петропавлдағы Жұмысшы кентінде учаскелік полиция пункті жаңартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласындағы №5 учаскелік полиция пункті жаңартылып, қайта ашылды. Ол қаланың әкімшілік аумағы күрделі учаскелерінің біріне қызмет көрсетеді.

Полиция пунктінің қызмет көрсету аумағына тұрғындарының басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде тұратын Жұмысшы кенті, Куйбышев орманды алқабы, саяжай массиві, "Green Park" отбасылық парк-отелі, сондай-ақ теміржол вокзалы мен әуежайға іргелес аумақтар кіреді.

Бұл аумақта 26 мыңнан астам адам тұрады. Қоғамдық тәртіпті алты учаскелік полиция инспекторы мен бір инспектордың көмекшісі қамтамасыз етеді. Полиция пункті Украинская көшесі, 224 мекенжайында орналасқан.

Жөндеу жұмыстары қалалық бюджет есебінен жүргізілді. Жаңартылған полиция пунктінің ашылуына Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Сапаров пен облыс әкімінің аппарат басшысы Руслан Алишев қатысты.

Қонақтар азаматтарды қабылдауға арналған фронт-офисті, қызмет көрсетілетін аумақтағы бейнебақылау камераларынан түсетін кескіндерді бақылауға мүмкіндік беретін шағын жедел басқару орталығын және қызметкерлердің демалыс бөлмесін аралап көрді.

Жаңартылған полиция пункті тұрғындар мен қала қонақтарына учаскелік полиция инспекторларына жүгінуге қолайлы жағдай жасап, полиция көмегінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру