Орташа жылдамдықты бақылау – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың тиімді тетігі
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында полиция қызметкерлері көлік құралдарының қозғалысының орташа жылдамдығын тіркеу жүйесін енгізу бойынша жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жүйе камера орнатылған нақты орынға қарамастан, жолдың кез келген учаскесінде жылдамдық режимін бұзу деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Енді белгіленген жылдамдықты асырған әрбір жүргізуші автоматты түрде тіркеліп, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Алматы облысы полиция департаментінде атап өткендей, бұл шара жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге және қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
– Жүргізілген талдау нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан, әсіресе жылдамдық режимін сақтамаудан болатыны анықталды. Жылдамдықты арттыру адам өліміне әкелетін ауыр апаттардың негізгі себептерінің бірі болып отыр, – деді Алматы облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Ахметов.
Қозғалыстың орташа жылдамдығын бақылау жүйесі өңірдің барлық бағытында енгізіліп, кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Жақын уақытта жол қозғалысы қағидаларын бұзған жүргізушілер тұрақты түрде жауапкершілікке тартылады.
– Полиция азаматтарды жол ережесін қатаң сақтауға, мұқият әрі жауапты болуға шақырады. Әркім өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапты, – деп толықтырды Еркебұлан Ахметов.
