Қарағанды облысында полиция мен қоғам өкілдері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күш біріктіруде
Қарағанды облысы полиция департаментінің ғимаратында облыстық ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың учаскелік полиция инспекторларымен және ПИК және МИБ төрағаларымен жұмыс кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басқосу "Заң және тәртіп" идеологиясын іске асыру және өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне арналды. Іс-шараға қоғамдық қауіпсіздік, әкімшілік, криминалдық және көші-қон полициясы басқармаларының басшылары, сондай-ақ Қарағанды қаласы полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары қатысты.

Кездесуді ашқан Жасқайрат Қайыров құқық бұзушылықтардың алдын алуда бірыңғай әрі тиімді тәсіл қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол 2 наурыздан бастап күшіне енетін "Профилактика туралы" заң талаптарына ерекше тоқталып, оның қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдірудегі рөлін айқындады.
— Профилактика туралы жаңа заң – бұл тек құқықтық құжат емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Қоғам белсенді түрде тартылған жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Осы ретте ПИК және МИБ төрағалары мен учаскелік полиция инспекторлары өз аумақтарында шешуші рөл атқарады, — деді ол.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Рустам Сергазинов азаматтардың қауіпсіз орта қалыптастыруға қатысуын кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 579 белсенді азаматты біріктіретін 194 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Бұл өңір тұрғындарының қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жоғары жауапкершілігін көрсетеді.

Сонымен қатар "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе қыс мезгілінде қарды уақтылы тазалау және ғимарат шатырларындағы мұз қатпарларын жою жұмыстары өзекті болып отыр. Жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бұл полиция мен қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нақты нәтижесін көрсетеді.
Кездесу барысында қатысушылар ақпарат алмасуды күшейту, өзара ықпалдастықты жетілдіру және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар айтты. Сондай-ақ жекелеген күрделі мәселелерді жедел шешу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, тұрғын үй кешендерінің біріндегі 146 бейнебақылау камерасын "Перспектива" үкіметтік емес ұйымына немесе жедел басқару орталығына қосу мүмкіндігі қарастырылды.
— Қауіпсіздік – баршаға ортақ міндет. "Заң және тәртіп" қағидаттарын тиімді жүзеге асыру үшін біз халықпен тұрақты байланыста болып, әрбір өтініш пен сигналға жедел әрі кәсіби түрде әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете аламыз, — деп түйіндеді Жасқайрат Қайыров.
Іс-шара соңында құқықтық тәртіпті нығайтуға белсенді үлес қосқан 10 ПИК және МИБ төрағалары алғыс хаттармен марапатталды.
