Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға арналған психологиялық тренинг өтті

Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталған азаматтарға арналған "Отбасына оралу — өзіңе оралу" атты психологиялық тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандарға арналған "Отбасына оралу — өзіңе оралу" атты психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жауапкершілікті дамытуға және өз өмірі мен болашағына саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталды.

Тренинг жұмысына Әлихан Бөкейхан атындағы университетінің педагогика ғылымдарының магистрлері — Акашева Алуа мен Иманбекова Гүлбаршын қатысты. Кездесуге жиырмадан астам сотталған азамат қатысты.

Тренинг барысында сотталғандарға "Әкенің алтын сөздері" атты әлеуметтік бейнеролик көрсетілді. Алғашқы минуттардан бастап залда танадай тыныштық орнады. Қатысушылар ойша өз отбасыларының ортасында болған сәттерге қайта оралып, ата-аналарының өсиеттерін, бүгін де ерекше мәнге ие болған естеліктерді еске алды.

— Бейнероликті көріп отырып, мен әкемді есіме алдым. Ол маған үнемі: "Балам, кейін қателіктерің үшін жақындарыңнан немесе бостандығыңнан айырылып қалмау үшін, өмірді дұрыс сүр", - деп айтатын. Ол кезде менің бәрі әлі алда, бәрін түзеп үлгеремін деп ойлайтынмын. Алайда тағдыр басқаша шешті — мен осында тап болдым. Мен үшін ең ауыры — әкем менің бостандыққа шыққан күнімді көре алмады. Мен оған оны қаншалықты жақсы көретінімді, әрбір ақылы үшін қаншалықты ризашылығымды білдіре алмадым. Бүгін мен өткенге бір сәтке болса да оралып, оны құшақтап, сол алтын сөздерін қайта есту үшін бәрін берер едім. Сол сөздердің шынайы мәнін енді ғана түсіндім, — деп көзіне жас алып бөлісті сотталғандардың бірі.

Бұл шынайы әңгіме кездесудің эмоциялық шарықтау шегіне айналып, әр адамның тағдырында отбасының қолдауы мен ата-ананың сөзі қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте айқындады.

— Отбасылық құндылықтарды нығайту — біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі. Адам отбасының қадірін, ата-ана мен бала алдындағы жауапкершілігін шынайы түсіне бастағанда, оның бойында түзелуге деген ішкі мотивация қалыптасады. Біздің міндетіміз — сотталғандарға жақындарымен байланысын сақтауға көмектесу және оларды заң мен адамгершілік қағидаттарына сүйене отырып, қоғамға қайта оралуға дайындау, — деді мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар өмірлік басымдықтарды қайта қарауға, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және отбасыға, қоғамдағы толыққанды өмірге оралуға деген тұрақты ынта қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру