Абай облысында Ұлттық спорт күніне орай сотталғандар арасында жарыс өтті
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде "Наурызнама" мерекелік онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне орай қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны мекеменің тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімі өткізді. Оның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі мәдениетті насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қатысушылар арасында достық пен өзара құрметті нығайту.
Жарысқа 24 пен 50 жас аралығындағы 200-ге жуық сотталған азамат қатысты. Қатысушылар арқан тарту, гір көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлерінен өзара бақ сынап, күш-жігері мен төзімділігін, ұйымшылдығын көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар бір-біріне қолдау білдіріп, салауатты бәсекелестік рухы қалыптасты. Бұл өз кезегінде командалық ынтымақтастықты арттырып, жағымды психологиялық ахуалдың орнығуына ықпал етті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар грамоталармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов өз сөзінде:
— Мұндай іс-шаралар тәрбиелік жұмыста айрықша маңызға ие. Ұлттық спорт түрлері денсаулықты нығайтып қана қоймай, мәдени мұраға деген құрметті арттырып, тәртіп пен командалық рухты қалыптастырады. Алдағы уақытта да, әсіресе мемлекеттік және ұлттық мерекелер аясында, осындай игі бастамаларды жалғастырамыз, — деп атап өтті.
Сондай-ақ сотталғандардың бірі өз әсерімен бөлісіп:
— Біз үшін мұндай шаралардың мәні зор. Бұл тек жарыс қана емес, қоғамның бір бөлшегі екенімізді сезінуге, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ойындарға қатысу күнделікті күйбең ойлардан арылтып, ерік-жігерді шыңдайды, өзіне деген сенімді арттырады. Ең бастысы – бір-бірімізді қолдауды, командада жұмыс істеуді және жақсы нәтижеге ұмтылуды үйренеміз. Бұл мен үшін өміріме оң өзгерістер енгізуге серпін береді, — деді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық және мәдени іс-шаралар алдағы уақытта да мекеменің әлеуметтік және тәрбиелік жұмысының маңызды бөлігі ретінде жалғасын табады.
