Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу облысының полициясы киберқылмыстың алдын алуды күшейтуде

Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы "Qazaq Gaz Aimaq" АҚ қызметкерлеріне арналған кешенді профилактикалық іс-шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның негізгі мақсаты — интернет-алаяқтықтың алдын алу және қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері QR-код арқылы қолжетімді тақырыптық бейнематериалдарды ұсынып, ескерту сипатындағы брошюралар мен жадынамалар таратты. Сонымен қатар қызметкерлерге онлайн-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара барысында фишингтік сілтемелер, "банк қауіпсіздік қызметі" атынан жасалатын жалған қоңыраулар, жалған инвестициялық жобалар және мессенджерлер арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық схемаларға ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, филиалдың барлық жұмыс топтарына WhatsApp мессенджері арқылы интернет-қылмыстардың алдын алу бойынша бейне және фотоматериалдар жолданды.

Профилактикалық кездесуге 60-тан астам қызметкер қатысты. Сонымен қатар Zoom платформасы арқылы шалғай өңірлердегі қызметкерлер де қосылып, оларға интернет-алаяқтықтың заманауи тәсілдері мен желідегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері түсіндірілді.

— Бүгінде киберқылмыс қарқынды дамып келеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз — оның алдын алу. Ескертілген адам — қорғалған адам. Азаматтар мен еңбек ұжымдарының цифрлық сауаттылығы жоғары болған сайын, алаяқтардың әрекет ету мүмкіндігі азаяды, — деп атап өтті басқарма өкілдері.

Қосымша профилактика аясында интернет-алаяқтық пен ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың тәуекелдері туралы ескерту парақшалары мекемелер мен ғимараттарда орналастырылды.

Жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар жүйелі сипатқа ие және Жетісу облысы тұрғындары арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру