Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көліктегі полиция департаментінде мерекелік іс-шара өтті

Көліктегі полиция департаментінде мерекелік іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көліктегі полиция департаментінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ұйымдастырылды. Залда басшылық, жеке құрам және ішкі істер органдарының ардагерлері жиналды. Іс-шараның басты қонақтары – погон таққан әйел қызметкерлер болды.

Құттықтау сөз сөйлеген департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы Құрмет Мәжікенов көлік инфрақұрылымы нысандарында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әйел қызметкерлердің қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Департамент бастығы олардың жоғары кәсібилігін, жауапкершілігін және қызметке деген адалдығын ерекше атап өтті.

– Адал қызметтеріңіз, ұстанымдарыңызға беріктіктеріңіз және антыңызға адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз, төзімдеріңіз бен даналықтарыңыз шынайы құрметке лайық, – деді Құрмет Мәжікенов.

Ол қызметкер әйелдерге зор денсаулық, амандық, отбасылық бақыт және қызметте жаңа табыстар тіледі. Ресми бөлім барысында департамент пен оның желілік бөліністерінде ерекше көзге түскен қызметкер әйелдерге ІІМ мен КПД-ның алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.

Марапатталғандардың қатарында Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Әсел Жұмағазина бар. Ол ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп, жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығын көрсетіп келеді.

Мереке құрметіне оған "Ішкі істер органдарының үздігі" төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ ІІМ-нің алғыс хатымен Алматы-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің жедел уәкілі Әсел Бүлекова марапатталды. Ол 2004 жылдан бері қызметтік міндеттерін табысты атқарып, кәсібилік пен жауапкершілік танытып келеді.

Бүгінде көліктегі полиция департаментінде сержанттан бастап полковникке дейінгі шендегі 300-ден астам әйел қызмет етеді. Олар қылмыстық істерді тергейді, сараптамалық зерттеулер жүргізеді, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарымен айналысады және басқа да жауапты бағыттарда еңбек етеді.

Сақшы әйелдердің көпшілігінің ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі бес жылдан жиырма жылға дейін. Салтанатты кездесу концерттік бағдарламамен және өмірін ішкі істер органдарындағы қызметпен байланыстырған әйелдерге арналған шынайы алғыс сөздермен аяқталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру