Қызылордада ҚАЖД арулары арасында тапаншадан ату жарысы өтті
Қызылордада ҚАЖД арулары арасында Макаров тапаншасынан ату жарысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен салада қызмет атқарып жүрген арулар арасында Макаров тапаншасынан ату бойынша жарыс өткізілді.
Шараның мақсаты – қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, мергендік қабілеттерін шыңдау және қызметтегі дайындық деңгейін жетілдіру.
Жарысқа барлығы 10 ару қатысып, өз бақтарын сынады. Жарыс шарты бойынша қатысушыларға 5 оқтан беріліп, 15 метр қашықтықтан нысанаға ату тапсырылды. Ату ережесіне сәйкес, ең көп ұпай жинаған қызметкер жеңімпаз болып анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша 41 ұпаймен І орынды әділет майоры Индира Даутбаева, ІІ орынды 35 ұпаймен әділет капитаны Іңкәр Жақаева, ІІІ орынды әділет майоры Айдана Әбдреймова иеленді.
Қызметте қырағылық танытып, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген арулар бұл жолы да мергендік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, әріптестері тарапынан құрметке бөленді.
