Қызылорда колониясында өмірге құштарлықты арттыруға бағытталған шара өтті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің өмірге деген қызығушылығын арттырып, болашаққа деген сенімін нығайту мақсатында "Өмірге құштарлық – жаңа өмірге бастар жол" тақырыбында психологиялық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараны мекеме психологы Гүлжанат Шынарбаева ұйымдастырды. Кездесу барысында қатысушылар өткен өміріндегі қателіктерден сабақ алып, алдағы мақсаттарын айқындауға бағытталған психологиялық жаттығулар орындады.
Атап айтқанда, "Менің өмірімнің құндылықтары" тапсырмасы аясында әр қатысушы өзі үшін маңызды бес құндылықты қағазға түсірді. Сонымен қатар "Өмір ағашы" атты арт-терапиялық жаттығу арқылы ішкі сезімдерін шығармашылықпен бейнелеп, болашаққа қатысты ойларымен бөлісті.
Психологиялық шараға қатысушылар мұндай кездесулердің өмірге деген көзқарастарын қайта саралап, маңызды құндылықтарды тереңірек түсінуге көмектесетінін жеткізді.
- Кейде адам күнделікті күйбең тіршіліктің арасында өмірдегі ең маңызды дүниелерді естен шығарып алады екен. Бүгінгі шара барысында мен үшін отбасы, денсаулық, еркіндік пен жақындарымның қадірі қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіндім. Алдағы уақытта жіберген қателігімді қайталамай, өмірімді жақсы жаққа өзгерткім келеді. Осындай тағылымды шара ұйымдастырған психологымыз Гүлжанат Шынарбаеваға алғысымды білдіремін, – деді қатысушылардың бірі.
Кездесу "Өткенім – сабақ, бүгінім – мүмкіндік, болашағым – менің таңдауым" деген тағылымды ұранмен қорытындыланды.
Мұндай психологиялық іс-шаралар жазасын өтеушілердің өзіне деген сенімін нығайтып, өмірлік құндылықтарын қайта бағалауына, қоғамға қайта бейімделуіне және болашақта дұрыс таңдау жасауына оң ықпал етеді.
