Павлодар облысында колонияға телефон өткізбек болғандар ұсталды
Павлодар қаласында колонияға аяқ киім губкасының ішіне жасырылған телефондарды жеткізу әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
11 наурызда Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №63 мекеме қызметкерлері режимдік нысан аумағына тыйым салынған заттарды өткізуге бағытталған әрекетті дер кезінде тоқтатты. Сәлемдемелер мен берілімдерді тексеру барысында тергеу қамауында отырған тұлғалардың біріне арналған жасырын "сәлемдеме" анықталды.
Тексеру кезінде қызметкерлердің назары аяқ киімге арналған губканың қаптамасына ауды. Мұқият қарау нәтижесінде оның ішінен айлакерлікпен жасырылған екі ұялы телефон табылды.
Аталған факті бойынша жіберушіге ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл бапқа сәйкес, ескерту жасау немесе тыйым салынған заттарды тәркілей отырып, жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Қазіргі уақытта әкімшілік материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
- Азаматтар байланыс құралдарын мекеме аумағына жеткізу үшін түрлі айла-тәсілдерді қолдануды жалғастырып келеді. Алайда тексеру топтарының бақылау әдістері мен техникалық мүмкіндіктері мұндай әрекеттерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Тыйым салынған заттарды өткізуге кез келген әрекет заңмен қатаң жазаланатынын еске саламыз, — деп атап өтті мекеме әкімшілігі.
№63 мекемесі азаматтарды белгіленген тәртіпті сақтауға және өз әрекеттері арқылы қамауда отырған тұлғалардың заңды мүдделеріне зиян келтірмеуге шақырады.
