Атырауда екі тәулік ішінде бейнекамера көмегімен 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Атырауда екі тәулік ішінде бейнекамера көмегімен 400-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда қоғамдық тәртіпті нығайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында 10–13 наурыз аралығында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараның екі күнінде Атырау облысы ПД жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен 400-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 300-і жол жүру ережесін бұзу деректері болса, 85-і әкімшілік құқық бұзушылықтар. Бұдан бөлек, іс-шара кезінде бірқатар заңбұзушылықтар жедел түрде анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Мәселен, 10 наурыз күні сағат 11:31 шамасында қаладағы бейнебақылау камералары арқылы Hyundai автокөлігінің жүргізушісі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны анықталды. Ал 14:58 шамасында ер адам заңсыз балық аулағаны белгілі болды. Сонымен қатар сағат 15:14 пен 17:31 аралығында екі бірдей Toyota автокөліктерінің жүргізушілері қарсы бағытқа шығып, жол қозғалысы ережесін бұзған. Бұдан бөлек, 16:01 шамасында тағы бір азаматтың қоғамдық орында темекі шеккені тіркелді.
Айта кетейік, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауда жедел басқару орталығының рөлі ерекше. Орталықтағы бейнебақылау жүйелері қала аумағындағы қоғамдық орындар мен жол қозғалысын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Сол арқылы құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, полиция қызметкерлері жедел әрекет етеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.
Осы ретте, полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әр азаматтың ортақ міндеті екенін ескертеді. Сондықтан тұрғындар мен қала қонақтарын жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға, мас күйінде көлік басқармауға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
