Павлодар облысында мектеп көліктеріне бақылау күшейтілді
Павлодар облысында мектеп көліктеріне бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында каникул кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп автобустарына кешенді тексеріс жүргізілуде. Аталған шара "Қауіпсіз каникулдар" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырылған.
Тексеру барысында мектеп автобустарының техникалық жай-күйі қаралып, жүргізушілердің тіркеу құжаттары мұқият тексерілді. Сонымен қатар жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, балаларды тасымалдау талаптары және жас жолаушыларға ұқыпты қарау мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бөлек, барлық білім беру ұйымдарына іргелес жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мектептердің маңындағы жол инфрақұрылымы балалардың қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты зерделенді.
Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьяновтың айтуынша, балаларды қауіпсіз тасымалдау мәселесі тұрақты бақылауда болады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс тек каникул кезеңімен шектелмей, оқу жылы бойы жүйелі түрде жалғасады.
