Абай облысында өткен бос орындар жәрмеңкесінде пробация есебіндегі азаматтар жұмыспен қамтылды
Абай облысының Жарма ауданында өткен бос орындар жәрмеңкесі пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамтуға нақты мүмкіндік берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарма ауданында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – пробациялық бақылаудағы адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және олардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету.
Жәрмеңкеге 39 жұмыс беруші қатысып, түрлі сала бойынша 105-тен астам бос жұмыс орнын ұсынды. Атап айтқанда жүргізуші, аудармашы, инженер, заңгер, педагог және медицина қызметкерлеріне сұраныс жоғары болды. Шараға аудан әкімдігі аппаратының, білім беру мекемелерінің, әлеуметтік ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Жұмыс берушілер кандидаттарға еңбек шарттары мен талаптарды түсіндіріп, түйіндемелер қабылдады. Әсіресе, соттылығы бар азаматтардың жұмысқа орналасуындағы қиындығына ерекше назар аударылды.
Жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған 20-дан астам азамат қатысты. Олардың басым бөлігі ұрлық және тонау сияқты қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқандар. Нәтижесінде бес адам нақты жұмыс ұсынысын алып, жұмысқа орналасты.
– Мен 48 жастамын, ата-анаммен және кәмелетке толмаған ұлыммен тұрамын. Жаза тағайындалғаннан кейін тұрақты жұмыс табу қиын болды. Бүгін лайықты жалақысы бар жұмыс таптым. Енді отбасымды қамтамасыз етіп, міндеттемелерімді орындай аламын, – деді қатысушылардың бірі.
Жарма ауданының пробация қызметі бөлімінің бастығы Рустам Абдулгазиновтың айтуынша, мұндай шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіруде маңызды рөл атқарады.
– Пробация қызметінің міндеті – тек бақылау емес, азаматтардың қоғамға бейімделуіне көмектесу. Жұмысқа орналасу – осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі. Біз жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, оларға екінші мүмкіндік берудің маңызын түсіндіреміз. Мұндай жәрмеңкелер қылмыстың қайталануын азайтып, адамдардың қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді, – деді ол.
Алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер өткізіліп, жұмыс берушілер саны мен бос орындар көлемі арта түспек.
