Қауіпсіздікке бағытталған шара: Маңғыстауда пробация есебіндегілерге бақылау күшейтілді
Маңғыстау облысында 7 қазаннан бастап "Қауіпсіз үй" профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактикалық іс-шараға Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қалалық және аудандық пробация қызметі бөлімдерінің инспекторлары мен учаскелік полиция инспекторлары қатысуда. Рейд барысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олардың белгіленген талаптар мен міндеттерді сақтауына бақылау жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар есепте тұрған азаматтармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, пробация қызметі белгілеген міндеттерді орындау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндірме беріледі.
Пробация қызметінің басты бағыттарының бірі – сотталғандарды қоғамнан оқшауламай, олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу және қоғамға бейімделуіне ықпал ету. Осы мақсатта полиция органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
"Қауіпсіз үй" іс-шарасы – құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, азаматтардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігін арттыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын күнделікті өмірде орнықтыруға бағытталған.
