Жаза мен тәрбиенің үйлесімі: сотталғандар қоғамдық еңбекке жұмылдырылды
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі сотталғандардың жаза өтеу тәртібін бақылап қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де ықпал етуде. Бүгінде облыс бойынша 75 азамат сот үкімімен тағайындалған қоғамдық жұмыстарды атқарып жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олар коммуналдық салада, елдімекендерді абаттандыруда және басқа да қоғамдық маңызы бар жұмыстарға тартылған. Мұндай еңбек азаматтардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың қоғамға пайдалы ортаға қайта оралуына мүмкіндік береді.
Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған екі азамат сот үкімімен 76 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Қазіргі таңда олардың бірі коммуналдық қызмет мамандарымен бірге ауылдық жерлердегі су есептегіштерін тексеру және орнату, құдықтар мен инженерлік желілерді қарау жұмыстарына қатысып жүр.
Түпқараған аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Айхайбек Нақовтың айтуынша, қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардың жаза өтеу тәртібі тұрақты бақылауда.
– Қоғамдық жұмыстар – бұл тек жазаны орындау ғана емес. Бұл сотталғанның қоғамға қайта бейімделуіне, еңбекке араласып, өмірін оң бағытқа өзгертуіне мүмкіндік беретін маңызды құрал, – дейді бөлім бастығы.
Пробация қызметінің тәжірибесі көрсеткендей, қоғамдық жұмыстар көптеген азаматтың өз қателіктерін түсініп, жаңа өмір бастауына ықпал етуде. Бұл – жазаның тәрбиелік мәнін арттырып, қайта қылмыс жасаудың алдын алуға бағытталған маңызды тетік.
