ШҚО-да полицейлер кішкентай баласы бар отбасыға көмектесті
Ұлан аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері екі жасар баласы бар отбасының медициналық мекемеге жедел жетуіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға кешкі сағат 21:00 шамасында болған. Өскемен – Алматы автожолының Алмасай ауылы маңында патрульдік полиция тобының инспекторлары Заңғар Жанахметов пен Алтынбек Мязев құжат тексеру үшін Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан.
Әңгімелесу барысында көліктегі жолаушы әйел күйеуімен бірге кішкентай баласының денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Өскемендегі Ана мен бала орталығына шұғыл бара жатқанын жеткізген.
Белгілі болғандай, Жарма ауданынан келген отбасы облыс орталығындағы жолды жақсы білмеген. Оның үстіне, навигациялық жүйеде медициналық мекеменің мекенжайы қате көрсетілген. Мұндай жағдайда әр минуттың маңызды екенін түсінген полицейлер көлікті медициналық мекемеге дейін ілесіп апару туралы шешім қабылдады. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында отбасы Ана мен бала орталығына кедергісіз жетіп, балаға уақытылы медициналық көмек көрсетілді.
Айта кетерлігі, бұл оқиға туралы ақпарат полицейлердің өздерінен емес, әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Риза болған отбасы әлеуметтік желіде бейнеролик жариялап, тәртіп сақшыларының кәсібилігіне, жанашырлығы мен жауапкершілігіне алғыстарын білдірді.
