Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталған азамат неке қиды

Абай облысындағы орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталған азамат неке қиды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде ұрлық жасағаны үшін жаза өтеп жатқан сотталған азаматтың некесі мемлекеттік тіркеуден өтті.

Орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны өзінің 25 жастағы сүйіктісімен заңды некеге отырды. Неке қию рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мекеме аумағында өткізілді.

Жас жұбайлардың таныстық тарихы тосыннан басталған. Сотталған азаматтардың бірімен әңгімелесу барысында ол оның қарындасы туралы естіп, қызға қызығушылық танытқан. Кейін байланыс деректерін алып, екеуінің қарым-қатынасы мекемедегі таксофон байланысы арқылы жалғасқан. Біраз уақыт өткен соң бойжеткен қысқа мерзімді кездесу үшін мекемеге келген.

— Алғаш рет ол туралы естігенде жақынырақ танысқым келді. Таксофон арқылы сөйлесе бастағаннан кейін өмірге деген көзқарастарымыз бен құндылықтарымыздың ұқсас екенін түсіндім. Кейін оны қысқа мерзімді кездесуге шақырдым. Алғашқы жүздесуден кейін өмірімді бірге байланыстырғым келетін адамды жолықтырғанымды сезіндім. Бірнеше айлық қарым-қатынастан соң оған ұсыныс жасап, бүгін некемізді заңды түрде тіркедік. Сүйікті жарыма өткен қателіктерімді қайталамайтыныма және отбасымыздың бақытты болуы үшін бар күшімді салатыныма уәде бердім. Бірнеше айдан кейін бостандыққа шығамын. Мені күтіп отырған, сенім білдіретін жанымның барына қуаныштымын, — дейді сотталған азамат.

— Отбасының қолдауы мен берік әлеуметтік байланыстар сотталған адамның өмірлік ұстанымдарын қайта қарап, заңға бағынатын өмір салтын таңдауға ықпал етеді. Мұндай оқиғалар олардың қоғамға бейімделуіне және бостандыққа шыққаннан кейінгі өміріне оң әсерін тигізеді. Сондықтан отбасылық құндылықтарды нығайту мен туыстық байланысты сақтау – сотталғандарды қайта әлеуметтендірудің маңызды бағыттарының бірі, — деді мекеме бастығының орынбасары Серік Жаңғасқанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру