Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында сотталған әйел балабақша тәрбиеленушілеріне 15-тен астам картина сыйлады

Абай облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан сотталған әйел балабақша тәрбиеленушілеріне 15-тен астам картина сыйлады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінің қызметкерлері Жарма ауданындағы балабақшаға барып, мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған әйелдің қолынан шыққан 15-тен астам картинаны бүлдіршіндерге табыстады.

Әрбір туынды ерекше жылулық пен сүйіспеншілікке толы. Әр картинаның артында қажырлы еңбек, жан толғанысы және балаларға қуаныш сыйлауға деген шынайы ниет жатыр.

Картиналарды салу барысында сотталған әйел ойша өз отбасына оралып, үйде өзін күтіп отырған ұлдарын еске алған. Шығармашылық арқылы ол өз сезімдерін жеткізіп, басқа балалармен де жүрек жылуын бөлісе алды.

– Мен 49 жастамын. Бес жыл бұрын есірткі заттарын таратқаным үшін сотталып, 16 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Үйде мені күйеуім мен ер жетіп қалған ұлдарым күтіп отыр. Оларды қатты сағынамын. Сурет салуға бала кезімнен қызығушылық таныттым. Тіпті осында, колонияда да сүйікті ісіммен айналысуды жалғастырып келемін. Картиналармен жұмыс істегенде балаларымды жиі ойлап, олардың қалай өсіп жатқанын елестететінмін. Басқа да бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағым келді. Сондықтан бұл туындыларға бар жан дүниемді салдым. Өзімді көрсетуге және игі іс жасауға мүмкіндік берген колония әкімшілігіне алғыс айтамын. Картиналарды салуға шамамен алты ай уақыт кетті, – деп бөлісті сотталған әйел.

– Біздің тәрбиеленушілеріміз үшін мұндай сыйлықтар – жай ғана әдемі картиналар емес, сонымен қатар қамқорлықтың, ықыластың және адамдық жылулықтың көрінісі. Балалар жаңа дүниелермен үлкен қызығушылықпен танысып, сұлулықты бағалауды және ізгі істердің айналадағы адамдарға қуаныш сыйлай алатынын түсінуді үйренеді. Балаларымызға жағымды эмоциялар сыйлап, бұл күнді ерекше еткен Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әйелдер колониясының қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – деді балабақша меңгерушісі Бақыт Сахарияева.

– Мұндай бастамалардың әлеуметтік маңызы зор. Олар сотталған азаматтарға шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыруға, отбасымен эмоционалдық байланысты сақтауға және игі істерге үлес қосуға мүмкіндік береді. Бас бостандығынан айырылған жағдайда да адам айналасындағыларға қамқорлық танытып, қуаныш сыйлай алады және өміріндегі оң өзгерістерге қарай қадам жасай алады, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Кайранова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру