Абай облысының ҚАЖ мекемесіне телефон алып кіру әрекетінің жолы кесілді
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде қызметкерлер тыйым салынған затты мекеме аумағына алып кіру әрекетінің алдын алды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауыр дене жарақатын келтіргені үшін сотталған Павлодар қаласының 46 жастағы тұрғыны жұмыстан оралған кезінде белдігіне жасырып, мекеме аумағына ұялы телефон алып кіруге әрекет жасаған. Алайда тексеру барысында режим бөлімінің қызметкерлері телефонды анықтап, құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Тексеру барысында сотталған азамат ұялы телефонды түнгі уақытта жұбайымен сөйлесу үшін пайдаланғысы келгенін түсіндірді.
— Тыйым салынған заттарды алып кіру және сақтау жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзу болып табылады. Аталған факті бойынша сотталған азаматты тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін тиісті материалдар жиналды. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін сотталғандар белгіленген қағидаларға сәйкес жауап береді. Әрбір сотталған адам белгіленген тәртіпті сақтауға және тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасау жауапкершіліктен босатпайтынын түсінуге міндетті, — деп атап өтті режим бөлімінің аға жедел уәкілі Дастан Изгуттинов.
