Алматыда тергеу бөлімшелерінің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған кездесу өтті
Алматыда тергеу бөлімшелерінің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында заң факультетінің бітіруші курс студенттерімен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны Алматы қаласы полиция департаментінің анықтау басқармасы өткізді. Кездесудің басты мақсаты – болашақ заңгерлердің ішкі істер органдарындағы қызметке, оның ішінде тергеу және анықтау бөлімшелеріне орналасуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ оларды құқық қорғау қызметінің ерекшеліктерімен таныстыру.
Кездесу барысында студенттерге ішкі істер органдарына қызметке қабылдау тәртібі, қызмет өткеру шарттары, әлеуметтік кепілдіктер мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар тергеу бөлімшелерінің негізгі қызмет бағыттары, қылмыстарды ашу мен тергеп-тексерудегі рөлі, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызы кеңінен түсіндірілді.
Мұндай кездесулер құқық қорғау органдары мен болашақ мамандар арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ тергеу қызметіне кәсіби әрі білікті кадрларды тартуға ықпал етеді.
Алматы қаласы полиция департаменті жастарды құқық қорғау саласындағы қызметке тарту және кадрлық әлеуетті нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
