Абай облысында дропперлік үшін алғаш рет сот үкімі шықты
Абай облысында дропперлік үшін алғаш рет сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс Мақаншы ауданында қаралды. Анықталғандай, өңірдің 22 жастағы тұрғыны сыйақы үшін өзінің банктік қосымшасына қолжетімділікті танысына берген. Содан небәрі 10 күн ішінде оның шоты арқылы шамамен 12 миллион теңге өткен, бұл қаражат алаяқтық әрекеттермен байланысты болуы мүмкін.
Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілген, осындай схемаларға қарсы бағытталған 232-1-бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен ер адамға айыппұл салынды, сондай-ақ заңсыз алынған қаражат тәркіленді.
Полиция өкілдері атап өткендей, банктік карталарды, шоттарды және жеке деректерді үшінші тұлғаларға беру — зиянсыз көмек емес, бұл қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады.
