Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы ҚАЖД мекемесінде ақпараттық семинар өтті

Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде "АИТВ инфекциясының алдын алу"  тақырыбында ақпараттық-профилактикалық семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға қызметкерлер мен сотталған әйелдер қатысты. Бұл семинар ақпараттану деңгейін арттыру және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар барысында АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі облыстық орталық мамандары Абай облысы бойынша ҚАЖД мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау тобының өкілімен бірлесіп, аурудың алдын алу шараларын түсіндірді. АИТВ-тің жұғу жолдарына, қорғану тәсілдеріне, тұрақты тексерістен өтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды. Семинарға мекеменің 30-дан астам қызметкері қатысты.

Профилактикалық жұмыс сотталған әйелдер арасында да жүргізіліп, оған 200-ден астам адам қатысты. Кездесуде АИТВ инфекциясымен өмір сүріп жатқан сотталғандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жауапты мінез-құлықтың маңыздылығын атап өтті.

— Бұрын мен өз әрекеттерімнің салдары туралы ойланбайтынмын. Қазір ақпараттанудың, өзіңді қорғаудың маңызын түсіндім. Бұл диагноз мен үшін үлкен сабақ болды, — деп бөлісті сотталған әйел.

— ҚАЖ мекемелеріндегі профилактикалық жұмыс әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алуда шешуші рөл атқарады, — деп атап өтті мекеме бастығы Уалихан Жумашев.

Мұндай іс-шаралар денсаулық мәдениетін нығайтып, АИТВ инфекциясының таралу қаупін азайтуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру