Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында "Халық қаһарманы" Ғазиз Байтасовты еске алу іс-шарасы өтті

Жамбыл облысы полиция департаменті Бауыржан Момышұлы атындағы орталық "Жеңіс" саябағында "Халық қаһарманы"  Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай еске алу іс-шарасын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара барысында әріптестері батыр полицейдің жарқын бейнесі мен ел тыныштығы жолындағы жанқиярлық ерлігін атап өтіп, рухына тағзым жасап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Еске алу жиынына батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен ұлы Арманжан Әбдібеков қатысып, оның есімін ұлықтап, құрмет көрсетіп жүрген барша қазақстандықтарға, әріптестеріне шынайы алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, еске алуға полиция капитанының қызметтес достары мен ардагерлер қатысты.

— Ғазиз Байтасов — елімізде Халық қаһарманы атағын алған жалғыз полиция қызметкері. Ол өз өмірін тәуекелге тігіп, террорлық әрекеттің жолын кесті, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалды. Бұл — нағыз ерліктің, нағыз отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Бүгін батыр әріптесіміз арамызда болғанда 55 жасқа толар еді, — деп ПД бастығы Қайсар Сұлтанбаев ерекше құрметпен еске алды.

Полиция қызметкерлері қаһарманды бір минут үнсіздікпен еске алып, оның ерлігі мен адалдығы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын жеткізді.

Ғазиз Байтасовтың есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру